Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің құрылғанына 65 жыл толуына орай салтанатты мерекелік кеш өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков қатысып, жеке құрам мен ардагерлерді мерейлі датамен құттықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Салтанатты кеште Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар әскери қызметшілерді марапаттады.
Өз сөзінде Аңсаған Балтабеков 6636 әскери бөлімінің қалыптасу кезеңіне тоқталып, оның ел тыныштығын қамтамасыз ету жолындағы үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ бөлімнің негізін қалаған ардагерлердің еңбегіне алғыс білдіріп, қазіргі жеке құрамның кәсібилігі мен жауынгерлік дайындығына жоғары баға берді.
– Әскери бөлім осы жылдар ішінде талай өзгерістерді бастан өткеріп, дамудың жаңа кезеңдерінен өтті. Жеке құрам өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап келеді. Бұл – қызметке және антқа адалдықтың айқын көрінісі, – деді Бас қолбасшы.
Тарихи деректерге сәйкес, 6636 әскери бөлімі 1961 жылғы 20 қаңтарда Қазақ КСР Ішкі істер министрінің бұйрығымен құрылған. 1998 жылы бөлімге жауынгерлік ар-намыс пен ерліктің символы саналатын Жауынгерлік Ту табысталды. Ал 2019 жылы әскери бөлім Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының қызметін қамтамасыз ету полкі болып қайта құрылды.
Айта кетейік, іс-шара мерейтойға арналған концерттік бағдарламамен жалғасты. Әскери қызметшілер мен өнерпаздар патриоттық әндер мен би қойылымдарын ұсынып, мерекелік көңіл күй сыйлады.