Ғалымдар сүт өнімдерінің сапасын арттыратын жаңа отандық технология ұсынды

/
Ғалымдар сүт өнімдерінің сапасын арттыратын жаңа отандық технология ұсынды
Ауыл шаруашылығы министрлігі

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» (ҰАҒБО) КЕАҚ ғалымдары сүт өнімдерінің сапасын арттыру, импорттық ингредиенттерге тәуелділікті азайту және Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайту сияқты бірқатар маңызды міндеттерді шешуге бағытталған инновациялық жобаны іске асыруда, деп хабарлайды turkystan.kz.

ҰАҒБО ғалымдары құрылымдалған сүт өнімдерін өндіруде мүлде жаңа тәсілді — табиғи криопорошоктарды қолдануды ұсынып отыр. Криопорошоктар — сублимациялық кептіру технологиясын пайдалана отырып, қазақстандық шикізаттан алынатын биологиялық белсенді заттардың концентраттары. Олар жасанды бояғыштар мен хош иістендіргіштерсіз, өнімнің табиғи түсі мен дәмін қалыптастыруға жол ашады.

Эксперименттік зерттеулер мен технологияны сынақтан өткізу ҰАҒБО-ның еншілес ұйымы — «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері Ғылыми зерттеу институты» ЖШС базасында жүргізілуде. Әзірлеме нақты тағамдық құндылығы бар функционалдық сүт өнімдерін жасауға бағытталған. Криопорошоктар өнімді В тобының дәрумендерімен, Е дәруменімен және β-каротинмен байытып, өңдеудің жұмсақ технологиясы арқылы биологиялық құнды компоненттердің сақталуын қамтамасыз етеді.

Отандық шикізатты және өз технологиялық шешімдерін пайдалану импорттық қоспалар мен ингредиенттерге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұл өз кезегінде ішкі қайта өңдеуді дамытуға, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақтылығын арттыруға және ұлттық пайдалы тағам өнімдері желісін қалыптастыруға ықпал етеді.

Мұндай технология елімізде алғаш рет әзірленуде. Ғалымдардың бағалауынша, криопорошоктар қолданылған сүт өнімдері импорттық баламаларға қарағанда қолжетімді бағада ұсынылып, сонымен қатар биологиялық құндылығы мен сапасы жағынан олардан асып түседі.

Қазіргі уақытта жоба жүзеге асырудың қорытынды кезеңінде. Келесі жылы әзірлемені нарыққа шығару жоспарланып отыр, бұл оны өнеркәсіптік өндіріске енгізуге және сүт саласы кәсіпорындарында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары