Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында елдің сыртқы саясаттағы басты мақсаты аумақтық тұтастықты, қауіпсіздік пен егемендікті сақтау екенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Қазақстан – жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет.
Біз баршаға түсінікті, яғни ақылға қонымды және әділ саясатты жақтаймыз, осы ұстанымды әрдайым сақтаймыз.
Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек.
Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде Мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат! Бұл – мерейтой кезіндегі ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы.
Мен «Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін.
Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құруды басты міндетіміз деп санауымыз қажет. Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек», - дед Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент ұлт санасын өткеннің жарасынан арылтып, болашаққа бет бұруға шақырды.
«Бұрын да айтқам, қазір де атап өткім келеді: біз «тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан біржола арылуымыз керек.
Басқа түскен қайғы-қасіреттің бәрін басқа халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз.
Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді. Біз – болашағы жарқын, жолы ашық жас мемлекетпіз, сондықтан уақыт көшінен қалмай, тек алға қарай жүруіміз керек», - деді Президент.