Алматылық курсанттар Іле Алатауындағы 3 500 метрлік шыңды бағындырды

/
Алматылық курсанттар Іле Алатауындағы 3 500 метрлік шыңды бағындырды
Қорғаныс министрлігі

Алматыда күштік құрылымдарға қарасты жоғары оқу орындарының курсанттары Іле Алатауындағы 3500 метр биіктіктегі тау шыңына көтерілді. Іс-шара тәрбие құрылымдары офицерлері институтының құрылған күніне орай ұйымдастырылғанын айта кету керек, деп хабарлайды turkystan.kz.

Акцияның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Тау дайындығы орталығының нұсқаушылары мен Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери жоғары оқу орнының медицина қызметкерлері тартылды.

Құрлық әскерлері әскери институты бастығының орынбасары полковник Данияр Құдайбергеновтің айтуынша, жорыққа «тәрбие және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алып жатқан курсанттар қатысқан.

19 қаңтарда әскерлердің моральдық-психологиялық қамтамасыз етілуіне, әскери ұжымдарда қолайлы ахуал қалыптастыруға және әскери қызметшілердің патриоттық санасын дамытуға жауапты мамандар кәсіби мерекесін атап өтеді. Болашақ тәрбиеші офицерлерге олардың мамандығы тек білімді ғана емес, сонымен қатар күш-қуат төзімділікті, командамен бірлесе жұмыс істей білуді және жеке жауапкершілікті талап ететінін көрсету біз үшін өте маңызды болды, – деп атап өтті ол.

Шыңды бағындыруға Құрлық әскерлері әскери институтынан, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтынан, ІІМ академиясынан, ҰҚК академиясынан және Шекара академиясынан он курсанттан қатысты.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты Дархан Дүйсенбек шыңға көтерілу қатысушыларға өз мүмкіндіктерін жақсырақ түсінуге және жолдастарының қолдауын сезінуге мүмкіндік бергенін айтты.

 – Шыңға көтерілу арқылы командалық бірлікті сезіндік. Сонымен бірге табиғат аясында ерекше сезімдерді бастан кешірдік. Көрсеткен көмектері мен нақты нұсқаулары үшін тәжірибелі нұсқаушыларға алғысымыз шексіз. Міндетімізді орындағанымызға мақтанамыз, – дейді ол.

Іс-шара әскери-патриоттық құндылықтарды насихаттауға, жоғары оқу орындары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға және саламатты өмір салтын дәріптеуге бағытталды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың болашақ офицерлердің кәсіби, моральдық және рухани қасиеттерін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары