Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан «Қарасу» ветеринариялық бақылау пунктінде ветеринариялық-санитариялық инспекторлар қажетті ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз ара шаруашылығы өнімдерін заңсыз тасымалдау әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
– Құжаттық және физикалық бақылау жүргізу барысында Қырғыз Республикасының азаматы «DAF» маркалы жүк автокөлігімен Қырғыз Республикасынан Ресей Федерациясына Қазақстан аумағы арқылы транзитпен бал партиясын тасымалдағаны анықталды. Тексеру кезінде тасымалданатын өнімге оның қауіпсіздігі мен шығу тегін растайтын міндетті ветеринариялық құжаттардың жоқ екені белгілі болды, – делінген хабарламада.
Тасымалдаушыға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 406-бабының 2-тармағына сәйкес құқық бұзушыға әкімшілік айыппұл салынды.
Тасымалданған ара шаруашылығы өнімі жөнелтушіге кері қайтарылды.