Қолын күйдіріп алып, жұмыстан шығып қалған қызметкер сотта жеңіске жетті

/
Қолын күйдіріп алып, жұмыстан шығып қалған қызметкер сотта жеңіске жетті
istockphoto.com

Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық соты қызметкердің «А» АҚ-ға қатысты жұмыстан шығаруды заңсыз деп тану, жұмысқа қалпына келтіру және өтемақы өндіріп алу туралы талап арызын қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Талап қоюшы «А» АҚ филиалында желі шебері болып жұмыс істеген. Ол жұмыс кезінде қолын күйдіріп алған.

«Қауіпсіздік ережелерін бұздың, бұл ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін еді» деген себеппен жұмыс беруші оны жұмыстан босатқан. Талап қоюшы онымен келіспей, бұйрықты алдымен келісім комиссиясында даулап, содан кейін сотқа жүгінген.

Сот іс материалдарын зерттей келе, жазатайым оқиға зардап шеккен қызметкердің өз кінәсінен, яғни қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан болды деген қорытындыға келді. Тергеу актісіне сәйкес, ол жеке қорғаныс құралдарынсыз және электр қондырғысын кернеуден ажыратпай жұмыс жасаған.

Сондай-ақ, сот жұмыс берушінің ішкі тексеріс жүргізу кезінде бұзушылықтарға жол бергенін және қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тартудың заңмен белгіленген мерзімін өткізіп алғанын атап өтті.

Сот шешімімен еңбек шартын бұзу туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды. Талап қоюшы бұрынғы қызметіне қалпына келтірілді. Одан бөлек, сот жұмыс берушіден 3,5 млн теңгеден астам жалақы, сондай-ақ моральдық зиян өтемақысын, өкілдің қызметтері үшін шығыстарды өндіріп алды.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары