«Өзімізге де өте ауыр тиді»: Нұрайды өлтірген күдікті танымал блогердің інісі болып шықты (ВИДЕО)

/
«Өзімізге де өте ауыр тиді»: Нұрайды өлтірген күдікті танымал блогердің інісі болып шықты (ВИДЕО)
Коллаж: turkystan.kz

Шымкентте марқұм Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты оны қаскөйлікпен өлтірді деп айыпталған күдіктінің туыстары – блогер Камила Әділхан мен оның күйеуі Мағжан Аймахан пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Олар ең алдымен марқұмның ата-анасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, бұл қайғының екі тарап үшін де ауыр екенін атап өтті.

«Ең бірінші Нұрайдың ата-анасына, туған туыстарына шын жүректен қайғырып көңіл айтамыз. Алла тағала жүректеріңізге тыныштық берсін, қазіргі жағдайларыңызды мейірімімен жеңілдетсін. Бұл жағдай кез келген ата-ана үшін орны толмас қайғы», – делінген жазбада.

Сондай-ақ олар Шерхан Аймаханмен туыстық қатынастарын жасырмай, оның Мағжанның әкесінің інісінің баласы екенін нақтылаған.

«Иә, Шерхан менің әкемнің інісінің баласы. Біздің туысымыз. Ешкім баласын қатыгез, зұлым болсын деп қаламайды. Бұл жағдай өзімізге де өте ауыр тиіп жатыр. Ешкім қызын біреудің қолынан қаза тапқанын қаламайды. Бұл екі жақтың да ата-анасына өте ауыр жағдай», – деп жазды олар.

Камила Әділхан мен Мағжан Аймахан сот процесінің әділ өткенін қалайтындарын жеткізді.

«Сот және ондағы жаза бойынша біз де бәрінің әділ өткенін қалаймыз. Бірақ қанша жылға сотталса да, қанша көңіл айтсақ та, Нұрайдың орны толмайды. Сол себепті шын жүректен дұға етеміз», – делінген пікірде.

Жазба авторлары блогерлермен туыстық байланысқа қатысты түрлі алыпқашпа әңгімелерге де жауап берді.

«Блогермен туыс болса, бірдеңе шешіліп кетеді деген ақпарат тарап кеткен. Керісінше, халықтың алдында жүрген адам ретінде, қанша туысымыз болса да, бұл жағдайда әділ жаза және соттың әділ шешімі шыққанын қалаймыз. Бұл жағдайды ақтап алуға ойымызда да жоқ. Бұл – өте зұлымдықпен жасалған қылмыс», – деп атап өтті олар.

Сөз соңында олар жұртты негізсіз айыптаулардан сақ болуға шақырып, марқұм Нұрай үшін дұға етуге үндеді.

«Кінәсі жоқ, қатысы жоқ адамдарға жала жаппай, жаман сөз жазбай, Нұрай үшін дұға етейік. Ал қылмыс жасаған адам әділдікпен жазасын алсын», – деп түйіндеді жазба иелері.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары