Павлодар қаласының ауданаралық соты адам ағзасын заңсыз сатуға әрекет жасау ісі бойынша сот процесін аяқтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот процесі келісім тәртібімен өтті. Әйел «Тірі адамның ағзасына қатысты заңсыз мәміле жасауға оқталу» бабы бойынша кінәлі деп танылды.
Соттың анықтауынша, 2024 жылы Ресей Федерациясының азаматшасы пайдакүнемдік ниетпен Telegram арқылы өз бүйрегін 50 мың АҚШ долларына сатуға келіскен.
Қол жеткізілген келісімге сәйкес, трансплантация Павлодар қаласының аумағында жүргізілуі тиіс болған.
2025 жылы әйел Қазақстанға келіп, медициналық тексеруден өтіп, 5 миллион теңге көлемінде алдын-ала төлем алған. Осыдан кейін оны полиция қызметкерлері ұстаған.
Қылмыс өзіне тәуелсіз мән-жайларға байланысты соңына дейін жеткізілмеген.
«Кінәсін мойындауы, өкініш білдіруі және асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуы ескеріле отырып, сот 10 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қамауда өткізген уақытын ескере отырып, жаза өтелген деп танылып, сотталған әйел қамаудан босатылды», – делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енді.