Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш Бас мүфтиі өмірден өтті

/
Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш Бас мүфтиі өмірден өтті

Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш Бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы 85 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Суыт хабарды жазушы, дінтанушы Бейбіт Сапаралы мәлім етті.

«Ережеп айының соңғы жұма күнінде, миғраж кеші өткен соң Қазақ Елінің тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұңғыш бас мүфтиі, ҚМДБ-ның ең алғашқы төрағасы Рәтбек қажы Нысанбайұлының (1940-2026) бұл пәни жалғандағы соңғы демі үзіліп, раббысына қайтыпты», - деп жазды Бейбіт Сапаралы.

Рәтбек қажы Нысанбайұлы 1940 жылы 14 қарашада дүниеге келген. Көрнекті діни қайраткер. Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш бас мүфтиі. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының құрметті профессоры, белгілі ғалым.

Бұхарадағы "Мир-Араб" медресесін және Бұхар педагогикалық институтын бітірген. Ливия университетінде діни білім алған.

Ашық дереккөздерде ол бас мүфти болған кезде еліміздегі мешіттер саны 1,5 мыңға дейін көбейгені айтылады. Алматыда Бас мешіт салынды. Оның бастамасымен Ислам университеті, Жамбыл облысының Меркі ауылында медресе ашылды, "Ислам әлемі" және "Шапағат-Нұр" діни журналдар шыға бастады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары