Күн сайын бар-жоғы бес минуттық серуеннің өзі өмір жасын ұзартуы мүмкін. Мұндай қорытынды The Lancet журналында жарияланған ауқымды зерттеуде айтылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар Норвегия, Швеция, АҚШ және Ұлыбританиядан жиналған 135 мыңнан астам ересек адамның деректерін талдаған. Қатысушылардың орташа жасы шамамен 63 жаста болған. Сегіз жыл бойы олар физикалық белсенділікті дәл өлшейтін акселерометрлер тағып жүрген. Зерттеу басталған кезде қатысушылардың ешқайсысында созылмалы аурулар немесе қозғалысты шектейтін күрделі мәселелер болмаған.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қатысушылардың 70 пайыздан астамы тәулігіне сегіз сағаттан көп уақытты отырып өткізген. Дегенмен, аз ғана қозғалыстың өзі тәуекелдерді төмендеткен. Мысалы, күніне 11 сағаттан артық отыратын адамдарда 30 минут отыру уақытын қозғалыспен алмастыру қауіп-қатерді шамамен 10 пайызға азайтқан. Ал бір сағаттық белсенділік бұл көрсеткішті 25 пайызға дейін төмендеткен.
Зерттеу авторлары бұл жұмыс күнделікті өмірге жақын жағдайларды ескеретінін атап өтті. Себебі бұрынғы ұсынымдар аптасына 150 минут физикалық белсенділікке негізделген, ал мұндай талапты артық салмағы бар, жүрек-қан тамыр аурулары немесе қозғалыс шектеуі бар адамдардың бәрі бірдей орындай алмайды.
Соған қарамастан, мамандар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын жоққа шығармайды. ДДҰ ересектерге аптасына кемінде 150 минут орташа қарқынды немесе 75 минут жоғары қарқынды физикалық белсенділікпен айналысуды ұсынады.