Қостанайлық педагог өз ұлын ұрып-соққаны үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Тоболинфо» ақпарат агенттігі жазғандай, Қостанай қаласының көп жылғы еңбек өтілі мен елеулі марапаттары бар педагогы 2025 жылғы 11 қарашада кәмелетке толмаған ұлын тәрбиелік мақсатта белдікпен ұрған. Бала мектепте мұғалімдеріне және сыныптастарына «көгерген» арқасын көрсеткен. Осыдан кейін мектеп әкімшілігі алаңдаушылық білдірген.
Әйел Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігінің 8-тармағы бойынша — денсаулыққа жеңіл зиян келтірмей, бірақ физикалық ауырсыну туғызған соққы жасағаны, көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты әрекет ретінде сотқа тартылды.
Оқиғадан кейін бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, қатаң жаза қолданбауды сұраған. Сондай-ақ сот барысында баланың мінез-құлқындағы қиындықтар туралы айтылған. Атап айтқанда, оның бірнеше рет үйден қашып кеткені белгілі болды.
Сот тараптар мен куәлардың көрсетулерін, сондай-ақ іс материалдарын зерделей келе, педагогты кінәлі деп танып, оған 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға жатады.
Айта кетейік, 2025 жылғы қарашада кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотқа білім бөлімі аталған анаға қатысты талап арыз түсірген. Болжам бойынша, бұл іс аясында ата-ана құқықтарынан айыру немесе шектеу мәселесі қаралуы мүмкін. Аталған іс жариялауға қолжетімсіз болғандықтан, нақты мәліметтер жоқ.