12 қаңтарда Жаңаөзен қаласында балалар мен жастардың дамуы, заманауи үлгідегі оқушылар сарайының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жиынға өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директоры Бахытжан Таубаев, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаттары, педагогикалық еңбек ардагерлері және қала тұрғындары қатысты.
«Bolashaq Sarayi» балалар мен жасөспірімдерге шығармашылық, ғылым және спорт саласында жаңа мүмкіндіктер ашады. Заманауи ғимаратта ғылым мен шығармашылыққа арналған зертханалар мен кабинеттер, өнер және ІТ сыныптары, телестудия, түрлі шеберханалар, «Жас құтқарушы» кабинеті, акт залы және балаларға арналған коворкинг аймағы қарастырылған. Орталық жоғары технологиялық құралдармен, компьютерлік техникалармен және қажетті заттармен жабдықталған.
Ғимараттың жалпы ауданы 3000 шаршы метрден асады. Оқушылар сарайы бір күнде 1500-ге дейін баланы қабылдай алады. Нысан ҚМГ-ның еншілес компаниялары – «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Ak Su KMG» ЖШС қолдауымен салынды.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс басшысы Нұрдәулет Қилыбай қатысушыларды оқушылар сарайының ашылуымен құттықтады.
– Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асып отырған жоба. Мұнда балалардың жан-жақты дамуына, қабілетін шыңдауына және сапалы білім алуына толық жағдай жасалған. Оқушылар сабақтан тыс уақытын жаңа нысанда тиімді пайдалана алады. Жобаға демеушілік жасаған компанияларға айтар алғысымыз шексіз. Енді осы білім ордасынан бәсекеге қабілетті жастар шығады деп сенеміз, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар оқушылар сарайының салтанатты ашылуы барысында балаларды тасуға арналған жаңа шағын автобустың кілті табысталды.
Шара аясында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жетістіктерімен көзге түсіп жүрген Жаңаөзен қаласының жастарын арнайы марапаттады. Робототехника, шығармашылық және спорт бағыттары бойынша республикалық және халықаралық байқауларда, сондай-ақ облыстық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен жастарға және Жаңаөзен қаласының футбол командасының мүшелеріне алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.