Бүгін 10 қаңтарда Қазақстанда қаңтар айындағы бірыңғай ұлттық тестілеу басталды. Тестілеу 10 ақпанға дейін жалғасады. ҰБТ-ға қатысуға 187 мыңға жуық адам өтініш берді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп, деп хабарлайды turkystan.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасай отырып.
Түлектердің 75,2 пайызы қазақ тілінде, 24,6 пайызы орыс тілінде, 189 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
Атап өтсек, талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады.
Ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы – "Математика-Физика", оны талапкерлердің 19,2 пайызы таңдаған. Яғни бұл – болашақ мұғалімдер, инженерлер, механиктер, техниктер мен технологтар, энергетиктер, құрылысшылар. Ал 16,9 пайызы "Биология-Химия", 9,7 пайызы "Шығармашылық емтихан" пәндерін таңдады, сәйкесінше таңдауды болашақ медициналық қызметкерлер мен шығармашылық саласының мамандары жасады.
ҰБТ барысында калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген тестіленушілердің сертификаты аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.
2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде "Қазақстан тарихы" пәні бойынша 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді және 140 балды құрайды.
Жарнама
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, шығармашылық ББТ-дан ақылы негізде басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, Қазақстан азаматы емес ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған Қазақстан азаматтары, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.