Полицияға күн сайын жүздеген қоңырау түседі. Уақтылы шақырылған жедел қызметтер мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуі талай рет адам өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алайда хабарламалардың арасында жалғандары да кездеседі. Тек 2025 жылы осындай "әзіл" қоңыраулар үшін 183 азамат әкімшілік жауапқа тартылған.
Мәселен, түнгі уақытта Ертіс ауданының тұрғыны полицияға қоңырау шалып, пышақ жарақаты туралы жалған хабар берген. Оқиға орнына жедел түрде тергеу-жедел тобы мен жедел медициналық жәрдем бригадасы жіберілді. Оқиға орнына келген полицейлер ауыр қылмыс туралы хабардың шындыққа жанаспайтынын анықтады.
Аталған дерек бойынша учаскелік полиция инспекторы көрінеу жалған шақырту жасағаны үшін ауыл тұрғынына қатысты әкімшілік іс қозғап, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салды.
Осы ретте тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарына полицияға немесе басқа да арнайы қызметтерге жалған шақырту жасағаны үшін көзделген жаза - қажетті әрі әділ әкімшілік шара екенін еске салады. Азаматтарды құқықтық тәртіпті сақтауға және полицияға жалған хабарламалармен жүгінбеуге шақырады.
Сондай-ақ ата-аналардан балалармен осындай әрекеттердің жол берілмейтіні туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрайды. Себебі жалған қоңыраулар байланыс желісін босқа алып, шын мәнінде шұғыл көмекке мұқтаж адамдардың хабарласуына кедергі келтіреді. Ал егер нақты қауіп төнген жағдайда, әрдайым "102" нөміріне қоңырау шалыңыз - көмек міндетті түрде көрсетіледі.