Қостанайда жүк тиеу жұмыстары кезінде салмағы шамамен бір тонна болатын ұн қаптарының құлауынан жүк тасушы ауыр жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Соттың мәліметінше, 2025 жылдың маусым айында талапкер жүк тиеу жұмыстарын атқару барысында жарақат алған. Оның үстіне жалпы салмағы шамамен бір тонна болатын ұн қаптары құлаған. Сот-медициналық сараптама алынған жарақаттарды өмірге қауіпті белгілері бар денсаулыққа ауыр зиян деп таныды.
Тергеу барысында оқиғаға жұмыс беруші тараптың кінәлі екені анықталған. Жауапкердің айтуынша, талапкер ақылы қызмет көрсету шарты негізінде жұмыс істеген, оған еңбек демалысы мен еңбекке жарамсыздық төлемдері қарастырылмаған. Жазатайым оқиғадан кейін жұмыс беруші жәбірленушіге өз еркімен 520 мың теңге көлемінде өтемақы төлеп, материалдық көмек көрсеткен.
Сот талапкердің 2 млн теңге көлеміндегі жоғалған жалақыны өндіру туралы талабын қанағаттандырмады. Себебі ол сауығып шыққаннан кейін жұмысын жалғастырған, ал еңбекке қабілеттілігінен айырылу деңгейін нақты анықтау мүмкін болмаған.
Сонымен қатар сот жұмыс беруші тараптың заң бұзушылықтары мен талапкердің денсаулығына келтірілген ауыр зиян арасында себеп-салдарлық байланыс бар екенін мойындады. Нәтижесінде азамат Ч.-ға 2 млн теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысы және сот шығындары өндіріліп берілді.