Қостанайда үй иесін моншаға қамап, үйін тонап кеткендерге үкім шықты

/
Қостанайда үй иесін моншаға қамап, үйін тонап кеткендерге үкім шықты
istockphoto.com

Қостанай облысының Меңдіқара ауданында екі жігіт жәбірленушінің үйіне баса-көктеп кіріп, оны жеңіл жарақаттап, қорқытып, моншаға қамап қойған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Содан кейін жәбірленушінің үйіндегі 219 000 теңге ақша мен зергерлікбұйымдарды алып кеткен.

Оқиға 2025 жылдың 3 желтоқсанында, кешкі уақытта болған.

Қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде сотталушылар жәбірленушіге дене жарақатын салып, жалпы сомасы 949 000 теңге көлемінде материалдық залал келтірген.

Жәбірленушіге келтірілген залал толық өтелген, ол бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды өтінді.

Сотталушылар өз кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне шын жүректен өкініш білдірді.

Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні мойындауды, шын жүректен өкінуді, келтірілген залалды өтеуді және жәбірленушінің пікірін таныды.

Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сотталушылардың жеке тұлғаларын, жасалған әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайларын ескере отырып, сот күдіктілердің әрқайсысына 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚР ҚК-нің 63-бабының негізінде тағайындалған жаза шартты деп есептеліп, бас бостандығынан айырудың бүкіл мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары