Лауазымды полицейдің әйелі Джей Лоның концертінде төбелескен: Сот үкім шығарды

/
Лауазымды полицейдің әйелі Джей Лоның концертінде төбелескен: Сот үкім шығарды
видеодан скриншот

Астанада Дженнифер Лопестің концертінде жасалған бұзақылық әрекеттерге қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық бұзушы – жоғары лауазымды полиция қызметкерінің жұбайы болып шыққан.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сот 2025 жылғы 1 тамыз күні сағат 21:00 шамасында К. есімді азаматша «Астана Арена» стадионында көрермен ретінде болып, өзін агрессивті ұстағанын, айналасындағыларды итеріп, қоғамдық тәртіпті бұзғанын және іс-шараға келген өзге адамдарға қолайсыздық тудырғанын анықтады.

Оның кінәсі куәгерлердің сөзімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сондай-ақ оқиға орнынан алынған бейнежазбамен дәлелденді.

Сотта ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды, 20-дан 60 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарды немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі әкімшілік қамаққа алуды көздейтіні еске салынды. Алайда К. азаматшаның 14 жасқа толмағандарды қоса алғанда бес баласы болғандықтан, ҚР ӘҚБтК-нің 50-бабына сәйкес оған әкімшілік қамақ қолданылмайды.

Істі қарау қорытындысы бойынша әйел кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК мөлшерінде, яғни 78 640 теңге көлемінде айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін тамыз айында Астанада өткен Дженнифер Лопестің концертінде әйелдер арасында төбелес болып, жанжалға қатысушылардың бірі полиция қызметкерінің жұбайы екені хабарланған еді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары