Талғар қаласында 4 жылдан бері салынып жатқан магистральдық су таратқыштың құрылысы тоқтап тұр. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов қалаға арнайы барып, мәселенің мән-жайын білді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Магистральдық су таратқыш жобасы Талғар қаласына су жеткізетін негізгі жүйе болуға тиіс. Ол іске қосылғаннан кейін ескі құбырлар мен тозған инфрақұрылымға түсетін жүктеме азайып, қала тұрақты әрі жеткілікті көлемде ауызсумен қамтылуы керек болатын. Алайда құрылыс әлі аяқталмағандықтан, қала әлі де ескі су желісіне тәуелді болып отыр.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожиннің айтуынша, жаңа су таратқыштың құрылысы төрт жыл бұрын басталғанымен, толық қаржыландырудың жоқтығынан белгіленген мерзімде аяқталмай отыр.
– Қазір Талғар қаласында бар болғаны 4300 текше метрлік резервуарлық қуат жұмыс істеп тұр. Бұл, әсіресе жаз мезгілінде, қала үшін жеткіліксіз. Ал жаңа жүйе толық іске қосылған кезде қосымша 7600 текше метрге дейін су жеткізуге мүмкіндік бар. Жоба аясында төрт резервуар салынғанымен, су сапасын бақылауға арналған зертхананың құрылысы да жарты жолда тоқтап қалған. Оның ішіндегі негізгі жабдықтар әлі орнатылмаған, себебі қаржы бөлінбеген, – дейді депутат.
50 мыңға жуық тұрғынды ауызсумен қамтитын жобаның жалпы құны – 4,6 млрд теңге. Құрылысты толық аяқтауға қажетті 1,7 млрд теңгеге жуық қаржы әлі бюджеттен бөлінбеген. Бұл қаржыға суды хлорлайтын жабдықтар, зертханалық құралдар және негізгі технологиялық құрылғылар алынуға тиіс еді.
– Дәл осы жабдықтар орнатылмайынша нысанды пайдалануға беру мүмкін емес. Мәселе тек құрылыс көлемінде емес, судың сапасы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Нысанды 2026 жылдың шілде айында аяқтау жоспарланған. Алайда ол үшін негізгі жабдықтар мен материалдарды биыл сатып алу қажет. Әйтпесе, мердігердің айтуынша, жобаның құны қымбаттап, іске асыру мерзімі тағы да созылып кетуі мүмкін. Сондықтан облыстық бюджеттен жетіспей тұрған қаражатты уақыт оздырмай бөлу мәселесін көтеріп отырмыз, – деді Максим Рожин.
Құрылыстың аяқталмауы қаладағы су жүйесіне айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Жаз айларында су қысымы төмендеп, кей аудандарда ауызсу белгілі бір уақытта ғана беріледі.

Талғар қаласының тұрғыны Ахат Солтанқұлов бұл мәселенің жергілікті халық үшін өзекті екенін айтады.
– Жазда жағдай тіпті қиындайды. Әсіресе 9 қабатты үйлердің жоғарғы жағына су мүлде көтерілмейді, қысым жоқ. Суға жарымай қалатын күндер болады. Кеңдала мен Ақдала ауылындағы саяжайлардың жағдайы тіптен қиын. Қала күн сайын өсіп жатыр, ал су жүйесі баяғы қалпы. Шынымызды айтсақ, әбден шаршадық. Енді осы су таратқышты тезірек бітіріп, іске қосса екен деп күтеміз. Басқа үміт қалмады, – дейді ол.
Мәжіліс депутаттары магистральдық су таратқышты әлеуметтік маңызы бар стратегиялық жоба ретінде бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.