Зейнетақы қорынан 200 млрд теңге шығарғандарға қатысты тергеу жүріп жатыр

/
Зейнетақы қорынан 200 млрд теңге шығарғандарға қатысты тергеу жүріп жатыр
istockphoto.com

Қаржылық мониторинг агенттігі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-дан азаматтардың жинақтарын заңсыз шығару деректері бойынша стоматологиялық клиникалардың басшылары мен өзге де адамдарға қатысты тергеп-тексеруді жалғастыруда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зейнетақы жинақтары стоматологиялық қызметтер көрсету туралы формальды шарттар жасасу және кейіннен жалған медициналық құжаттар ұсыну арқылы шығарылғанын еске саламыз.

Аталған көмек үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10%-дан 20%-ға дейінгі мөлшерінде заңсыз сыйақы ұстап отырған.

Қылмыстық схемаға 42 стоматологиялық клиника тартылған.

Жалпы сомасы 200 млрд теңгеден астам қаражат шығарылған.

Қылмыстық жолмен алынған табыстарға күдіктілер элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алып, сондай-ақ жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан.

Он бір күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды, ал үшеуіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Сонымен қатар, жүйелі түрде заңсыз сыйақы алу үшін медициналық мекемелердің дәрігерлері дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың (ДКК) жалған қорытындыларын берген, күдіктілерден алынған қаражаттың жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады.

Аталған фактілер бойынша бірқатар сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды.

Бұған дейін хабарланғандай, өз зейнетақы аударымдарын алған азаматтар қылмыстық қудалау аясына түспейді.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары