Қала тұрғындарына үздіксіз медициналық көмек беру үшін елорданың медициналық ұйымдары күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Астанада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 42 ұйым жұмыс істейді. Амбулаториялық-емханалық ұйымдарда жалпы практика дәрігерлерінің, педиатрлардың, орта медициналық персоналдың, сондай-ақ кезекші әкімшілердің кезекшілік кестелері бекітілген. Мереке және демалыс күндері шұғыл жағдайдағы пациенттерді қабылдау, тексерулер жүргізу, рецепттер жазу және уақытша еңбекке жарамсыздық парақтарын ұзарту қамтамасыз етіледі.
Емханалардағы фильтр-кабинеттер бекітілген кестеге сәйкес күн сайын сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Жедел көмек кабинеттерінің жұмысы толық көлемде ұйымдастырылған.
«Стационарлардың қабылдау бөлімдері тәулік бойы жұмыс істейді. Бейінді мамандардың, орта медициналық персоналдың, сондай-ақ диагностикалық қызметтердің (зертхана, сәулелік диагностика) кезекшілігі қамтамасыз етілген. Халықтың жүгіну саны артқан жағдайда медициналық қызметкерлерден резервтік бригадалар қалыптастырылды», — делінген хабарламада.
Жедел медициналық жәрдем және төтенше әрекет ету қызметтері де штаттық режимде тәулік бойы жұмыс істейді. Емханалар, стационарлардың қабылдау бөлімдері және жедел медициналық жәрдем қызметі арасындағы өзара іс-қимыл қамтамасыз етілген.
Мереке күндері медициналық ұйымдардың жұмысы тәулік бойы бақылауда болады.