Ғаламды "қараңғы энергия" жойып жіберуі мүмкін – Оңтүстік Корея ғалымдары

/
Ғаламды "қараңғы энергия" жойып жіберуі мүмкін – Оңтүстік Корея ғалымдары
сурет: istockphoto.com

Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы Ёнсе университетінің ғалымдары Ғаламның ақыры "қараңғы энергиямен" байланысты болуы мүмкін деген тұжырым жасады. Зерттеу тобына профессор Ён Ук Ли жетекшілік еткен. Бұл туралы Daily Mail басылымы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдардың айтуынша, 1998 жылы Ғаламның үдемелі түрде кеңейіп жатқанын қамтамасыз ететін тылсым күш – қараңғы энергияның бар екені дәлелденген. Бұған дейін зерттеушілер Ғалам шексіз кеңейе берсе, жұлдыздар бір-бірінен соншалық алыстап, аспан бос қалуы мүмкін деп болжаған. Кейбір гипотезаларда бұл үдеріс тіпті атомдардың ыдырауына әкелуі ықтимал екені айтылған.

2025 жылғы наурызда астрономдар АҚШ-тың Аризона шөлінде орналасқан DESI (Dark Energy Spectroscopic Instrument) телескопынан алынған жаңа деректерді талдауға қайта оралды. Нәтижелер галактикалардың үдеу жылдамдығы уақыт өте өзгеріп отырғанын көрсетті.

Профессор Ли бастаған топ аса жаңа жұлдыздар (сверхновалар) туралы деректерді қайта қарап, қараңғы энергияның өзі де тұрақты емес екенін анықтаған. Ғалымдардың есебінше, Әлемнің кеңеюі баяулай бастаған.

«Егер қараңғы энергия әлсірей берсе, тартылыс күші қайтадан басымдыққа ие болып, галактикалар бір-біріне тартыла бастайды. Бұл жағдайда Әлемнің тағдыры түбегейлі өзгеруі мүмкін. Үлкен күйреу – яғни Ғаламның қайта сығылуы ықтимал», – деді Ён Ук Ли.

Зерттеушілер бұл сценарийді «Үлкен сығылу» деп атады. Олардың пайымдауынша, қараңғы энергия белгілі бір кезеңде Ғаламды кеңейтуді тоқтатып, керісінше, оны ішке қарай «қысуы» мүмкін.

Алайда ғалымдар бұл әзірге теория екенін, ал Ғаламның нақты тағдыры туралы түпкілікті қорытынды жасау үшін қосымша бақылаулар мен ұзақ мерзімді зерттеулер қажет екенін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары