"Асад әулеті емес, дақылдар бейнеленген": Сирия жаңа ақша шығарды

/
"Асад әулеті емес, дақылдар бейнеленген": Сирия жаңа ақша шығарды
сурет: Anadolu Agency / Reuters

Сирияда 1 қаңтардан бастап жаңа дизайндағы ақша қолданысқа енгізіледі. Жаңа купюраларда бұрынғы президент Башар Асад пен оның отбасы мүшелерінің портреттері болмайды. Олардың орнына дамаск раушандары, бидай, зәйтүн, апельсин және басқа да жергілікті ауыл шаруашылығы дақылдары бейнеленген, деп хабарлайды turkystan.kz.

SANA агенттігінің хабарлауынша, жаңа банкноттарды ел президенті Ахмед аш-Шараа таныстырды. Олар 2024 жылғы желтоқсанда биліктен кеткен Башар Асадтың суреті бар ескі ақшаларды толықтай алмастырады. Бұған дейін Асадтың портреті 2 000 сириялық фунтта, ал оның әкесі Хафез Асадтың бейнесі 1000 фунттық купюрада болған.

Ақша реформасы аясында Сирияда жаңа есептік бірлік енгізіледі: жаңа Сирия фунты қазіргі 100 фунтқа тең болады. Орталық банк төрағасы Абд аль-Кадр Хусрияның айтуынша, номиналы 10-нан 500-ге дейінгі жаңа банкноттар 1 қаңтарда айналымға шығады. Бұл туралы AFP агенттігі хабарлады.

Жаңа билік он жылдан астам соғыс пен санкциялардан кейін экономиканы қалпына келтіруді көздеп отыр. Негізгі мақсаттардың бірі – ұлттық валютаның жағдайын жақсарту. Азаматтық соғыс басталған 2011 жылдан бері сириялық фунттың бағамы бір доллар үшін 50-ден шамамен 11 мыңға дейін құлдыраған. Соның салдарынан тұрғындар күнделікті сатып алулар үшін де қомақты көлемде қолма-қол ақша алып жүруге мәжбүр болған.

«Бірдеңе сатып алу үшін адамдар сөмке-сөмке ақша тасиды, сондықтан көпшілік долларды таңдауға мәжбүр», – деді Ахмед аш-Шараа. Оның айтуынша, ақша реформасы ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуға тиіс.

Сирияның Орталық банк басшысы жаңа банкноттардың қай елде басып шығарылатынын нақтыламады. Бұған дейін Reuters агенттігі оларды Ресейдің «Гознак» кәсіпорны шығаратынын хабарлаған еді. Ресей Сирия фунтын соңғы он жылдан астам уақыт бойы басып шығарып келеді.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары