Бүгін Үкіметтің қорытынды баспасөз-конференциясында жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру мекемелеріндегі оңтайлы өзгерістер жайлы айтылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Президент тапсырмасы бойынша балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру ауқымы кеңейтілді. Қазақстанда «Ақша балаға беріледі» қағидаты негізінде мектепке дейінгі ұйымдарда орындар бөлудің жаңа механизмі енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес пилоттық жоба 20 қала, 16 ауданда жүзеге асырылып жатыр.
«Биыл «Ақша балаға беріледі» қағидаты негізінде ваучерлік қаржыландыру механизмін өңірлерде кеңінен тарату арқылы балабақшаларға кезек саны 2 есеге дейін азайды. Пилоттық жобаға 5,6 мың мектепке дейінгі ұйым қатысып, 788 мың балаға ваучер берілді. Ваучерлік қаржыландыру 21,8 миллиард теңге бюджет қаражатын үнемдеп, ол балаларға жаңа ваучерлер беруге қайта жұмсалды», — деді оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова.
Айта кету керек, үш ауысымды мектептерді азайту мақсатында Президент тапсырмасы бойынша жаңа форматтағы 141 оқу орны пайдалануға берілді. Қазақстанда жайлы оқу ортасын құру үшін білім беру инфрақұрылымын кең ауқымда жаңарту жалғасуда. Бұл туралы Үкіметтің қорытынды баспасөз-конференциясында ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі М.Мелдебекова хабарлады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен апатты және оқушы саны көп мектептер мәселесін шешуге бағытталған «Келешек мектебі» жобасы жүзеге асырылуда. «Мемлекет басшысының бастамасымен "Келешек мектептері" ұлттық жобасы табысты жүзеге асырылды. Оның аясында еліміздің түкпір-түкпірінде 460,4 мың орындық 217 жаңа форматты мектеп салынуда. Бұл жоба арқылы 69 үшауысымды, 22 апаттық мектеп және 100-ден астам мектепте орын тапшылығы мәселесі шешімін тапты. Жалпы 2025 жылы 214 мың оқушы орнына арналған 141 мектептің құрылысы аяқталды», — деді спикер.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептер мен колледждерде буллингке қарсы «ДосболLike» бағдарламасы іске қосылды: Президент тапсырмасы бойынша балалардың құқықтарын қорғаудың жаңа стандарттары енгізілуде. Қазақстанның білім беру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастыруға және оқушыларды психологиялық қолдауға қойылатын жаңартылған талаптар енгізілді.
«2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты енгізілді. Мектептерде 1,7 млн бала тегін тамақтанумен қамтылды. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептер мен колледждерде "ДосболLike" антибуллингтік бағдарламасы, "Жеке қауіпсіздік" сабақтары іске қосылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 20 өңірде психологиялық қолдау орталығы ашылды. Жыл басынан бұл орталықтарда 35 мың бала мен ата-анаға көмек көрсетілді»,— деп хабарлады Майра Мелдебекова.
Тағы бір қоса кететін жайт, Үкімет ғылым мен жоғары білімді дамытудың 2025 жылға арналған қорытындысын шығарды. Үкіметтің 2025 жылғы қызметінің қорытындысы шеңберінде Ғылым және жоғары білім министрлігі басшылығының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесулері өтуде. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова 2025-2026 оқу жылына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлар даярлауға бөлінген гранттар туралы айтып берді. Ведомствоның мәліметінше, 93 232 білім гранты бөлінген, оның ішінде 77 084 грант – бакалавриатқа, 13 229 – магистратураға және 2 919 грант – докторантураға қарастырылған.
Жоғары білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекеттің, қорлардың, ата-аналар мен банктердің қатысуымен 5 жастан бастап білім беру капиталын қалыптастыруды көздейтін «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі енгізілді. Мемлекет 60 АЕК мөлшерінде біржолғы бастапқы капитал беруді көздеді. Жинақталған қаражатты жоғары білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға болады.
Бүгінгі таңда 133,9 мыңға жуық салым есепшоты ашылды. Сонымен қатар бакалавриат студенттеріне арналған шәкіртақы мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан, 2025 жылы 52 372 теңгені, ал педагогикалық мамандықтар бойынша – 84 000 теңгені (2020 жылы – 26 186 теңге, 2024 жылы – 47 135 теңге) құрады.
Және баспасөз конференциясында айтылған ең маңызды жағдайға тоқталып өтсек. Елімізде 10 мыңнан астам орынға арналған жатақханалар іске қосылады. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Үкіметтің жылдық жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылы студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 10 740 орындық 31 жатақхананы іске қосу жоспарланған.
Жыл басынан бері 8 757 орынға арналған 26 жатақхана пайдалануға берілгені атап өтілді. Жыл соңына дейін 1 983 орындық тағы 5 жатақхана қолданысқа беріледі деп күтілуде. Жалпы, 2018 жылдан бері студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы 72,5%-ға: 2018-2019 оқу жылындағы 61,4 мың орыннан 2024-2025 оқу жылындағы 16,9 мың орынға дейін қысқарды. Бұл студенттердің өмір сүру жағдайының айтарлықтай жақсарғанын көрсетеді.