«Еліне қорған болған Ер Медетбек» республикалық мүшайрасының жеңімпаздары белгілі болды

/
«Еліне қорған болған Ер Медетбек» республикалық мүшайрасының жеңімпаздары белгілі болды

Бүгін Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада Медетбек батырдың туғанына 200 жыл толуына арналған «Еліне қорған болған Ер Медетбек» атты республикалық мүшайраның марапаттау салтанаты өтті. Марапаттау салтанатына жүлдегер ақындар, қаламгерлер,  мәдениет және қоғам қайраткерлері, батырдың ұрпақтары мен қалың жұртшылық қатысты.

Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт әдебиеті мен өнерінің жанашыры,  Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Ректорлар кеңесінің құрметті мүшесі, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов   құттықтау сөз сөйлеп, марапаттау рәсімін ашып берді.

Жүлделі орындарды   «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, «Парасат» орденінің иегері, академик Бауыржан Жақып, жазушы, Халықаралық  «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медетбектанушы Доқтырхан Тұрлыбек, филология ғылымдарының докторы, ҚазҰУдағы «Жамбылтану» орталығының басшысы  Алмасбек Мауленов, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ Мұхтар Әуезов атындағы кітапханасының директоры, ақын Әлия Іңкәрбек тапсырды.  

Кеш барысында мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, әнші, термеші Шаттық Уатқан Сүйінбай, Жамбыл бабаларымыздың толғауын орындады. Салтанатты кешті ақын Серік Әкірамұлы жүргізді.

Мүшайра қорытындысында бас жүлдеге (500 мың теңге)  Наурызбек Сарша (Анарыс) лайық деп танылды. 1-орын (400 мың теңге) – Ғапу Еркінге (Едіге) берілді.  2-орын (300 мың теңге) - Әбдіғани Бәзілханұлы (Қынан) бұйырды. 3-орынды (әрқайсы 200 мың теңгеден) -  Ерлан Аманқожаұлы (Байтұма) мен  Көксубай Амантай (Үшқоңыр) еншіледі.

Арнайы жүлдеге ие болған Үмітбек Бағдат (Жебе), Бақберген Дариғаұлы (Тайкентай), Көкбөрі Мүбәрак (Қарқара) Нарқұлан Райхан (Бесбоға Балбалтегі), Жомарт Игіман (Асыл Мұрат), Нүсіпбай Әбдірахымға (Ботасаз) 100 мың теңгелік жүлде берілді.

Жүлде қорын "Медетбек батыр" қоғамдық қоры тағайындады. Барлық жүлдегерлер диплом және Медетбек батырдың 200 жылдығына арналаған мерейтойлық медалімен марапатталды.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары