«Келінжан» телехикаясындағы Мәдібек бейнесі арқылы танылған актер Назар Шерхан Kezdesu show бағдарламасына берген сұхбатында отбасы, неке және ажырасу тақырыптарына қатысты ойын бүкпесіз айтты. Оның «күнде ажырасқым келеді» деген сөзі әлеуметтік желіде қызу талқылауға түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Актердің сөзінше, қоғамда махаббат пен бақытты отбасы тым мінсіз кейіпте көрсетіледі. Ал шынайы өмірде кез келген шаңырақта түсініспеушілік пен ішкі күрес болатынын жасырудың қажеті жоқ дейді.
«Маска тақпайтын адам болмайды ғой. Үйде әйелімен ұрсысып қалса, сыртта бақытты болып көрінеді. Іштегіні сыртқа шығара бермейсің. Кейде кейбір достарға айтсаң, олар татуластырып жібереді», — дейді ол.
Назар Шерхан ажырасу туралы ойдың жиі келетінін мойындап, алайда оны ең жеңіл шешім деп санайтынын да ашық айтты.
«Мен, мысалы, күнде ажырасқым келеді. Бұл өте ауыр нәрсе. Бірақ мен білемін: әйелім — балаларымның анасы. Біз бірге көп қиындықтан өттік. Ол мені талай сәтте қолдады. Қалай ажырасам? Бұл — ең оңай жол. Бұлай болмайды», — дейді актер.
Сұхбат барысында ол отбасын сақтап қалу ең алдымен ер азаматтың беріктігіне байланысты екенін атап өтті.
«Бәлкім, ажырасу туралы ойды шайтан салар. “Бұндай әйелді қайтесің?” деп сыбырлар. Егер соны тыңдай берсек, еркектер жеңіледі. Қазір бізге мықтырақ болып, отбасын сақтап қалу керек. Тіпті сол үшін өліп кету керек болса да», — деді ол.
Дегенмен бұл пікір желі қолданушыларының бәріне бірдей ұнай қойған жоқ. Оқырман пікірі екіге жарылды: бір тарап актердің шынайылығын жоғары бағаласа, екінші тарап оның ойды жеткізу тәсілін сынға алды.
Желіде: «Шынайы айтып отыр ғой, қалай бар солай», «Не айтып кеттің, Мадош? Күнде ажырасқым келеді дегені несі?», «Ұстанымы дұрыс, бірақ сөзін дұрыс жеткізе алмады», «Бұл сұхбатты оқыған әйеліңіздің жүрегіне қаяу түсті», «Отбасылық құндылықты айту үшін алдымен соны қорғау керек», «Халық алдында отбасыңды талқылау дұрыс емес» деген пікірлер жазылды.
Қалай болғанда да, Назар Шерханның Kezdesu show-дағы сұхбаты отбасы құндылығы мен ер мен әйелдің жауапкершілігі жөнінде қоғамда ашық талқы тудырып, көпшілікті ойландырғаны анық.