Фетуллаһ Гүлен бейбітшілік жаршысы атанды

Фетуллаһ Гүлен бейбітшілік жаршысы атанды

Фетуллаһ Гүлен бейбітшілік жаршысы атанды
ашық дереккөзі

«Ганди-Кинг-Икеда» атындағы әлемдік ең ірі жүлде биыл түрік ойшылы Фетуллаһ Гүленге табыс етілді. Бұл туралы түркиялық танымал «Заман» басылымы хабарлады. Дәстүрлі жүлдені табыстауға арналған салтанатты жиын Морхаус университеті, Мартин Лютер Кинг орталығында жүздеген танымал академик пен тағы да басқа көптеген сыйлы қонақтардың қатысуымен өтті. Бұдан бұрын Десмонд Туту, Михаил Горбачев және Нельсон Мандела секілді әлемге танымал тұлғалар ие болған жүлде, енді бауырлас түрік халқының данышпанына айналған Фетуллаһ Гүленге табысталды.

АҚШ-тың Атланта қаласында аталған жүлдені табыстау салтанатында сөз алған Мартин Лютер Кинг орталығының деканы, профессор Лоуренс Картер Фетуллаһ Гүленнің бейбітшілік жаршысы деген атқа лайық екенін және сондай жүлде табыс етілетінін айтты. «Бүгін бұл жүлдені дәстүрлі Ислам дінінің әлемге бейбіт түрде таралуына және 2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығына жасалған лаңкестік әрекет соңынан «Washington Post» басылымына берген хабары арқылы әлемдік бейбітшіліктің орнауына зор үлес қосқан Фетуллаһ Гүленге табыстау – біз үшін үлкен мақтаныш», – деді.

Жоғарыдағыдай лебізін білдірген Л.Картер сөзін былай өрбітті: «Иә, осы жүлдені Фетуллаһ Гүленге табыс ету – біз үшін зор мақтаныш. Себебі, өз-өзін жарып, «шәһит» болғандарға, өз-өзін өлтіргендерге бейкүнә адамдардың қанын төгу ешқандай да жиһад бола алмайтынын айтып, үн қатқаны үшін... Мақтаныш етеміз, себебі адами құндылық пен әдептің әрбір адамға тән ортақ құндылық екенін тілге тиек еткені үшін... Мақтаныш етеміз, себебі діни сеніміңіз бен оған зарар беретін, айналаңызда болып жатқан сан алуан қолайсыз өзгерістерге қарсы тұруды әлемдік деңгейде жүргізіп отырғандығыңыз үшін... Мақтаныш етеміз, себебі адамдарға берілетін ең жоғары білімнің тек қана оқу-сызу­мен емес, жаратылыстың бол­мы­сына тереңнен үңілу арқылы, екіжақты тепе-теңдікте берілетініне үндегеніңіз үшін... Рухани-имани сеніміңізді адамзатқа жол көрсетуге арнағаныңыз, осы жолдағы ізденісіңіз үшін... Махатма Ганди, Мартин Лютер Кинг және Дайсаку Икедалар сияқты ұлы данышпандарға тән ұқсастықтарды сіздің бойыңыздан да көру – мен үшін үлкен қуаныш. Сізді шын жүректен құттықтаймын!»

Деканнан соң сөз алған, Ф.Гүлен­нің атынан аталған сыйлықты қабыл­даған И.Асландоган Фетуллаһ Гүлен­нің осы шараға, яғни өзіне табыс­талған сыйлыққа орай жазған хатын оқып берді. Ф.Гүлен хат арқылы төмендегідей лебізін жолдаған: «Морхаус университеті, Мартин Лютер Кинг халықаралық орталығы басшылығы тарапынан «Ганди-Кинг-Икеда – 2015» сыйлығына лайық деп танылыппын. Бұл сыйлықты тек маған ғана емес, ешқандай да өтеусіз, өзін барша адамзатқа қызмет етуге арнаған ізгі ниетті жандарға жасалған сый-құрмет деп есептеймін. Ізгі ниетті ағартушылар – өз отанынан мыңдаған шақырым қашықтықта, елу градустық аязға қарамастан парызын орындағандар, Солтүстік Иракта ИШИМ-нен төнген қауіпке қарамастан мектептерінде оқуды жалғастырғандар, Нигерия мен Ауғанстанда қыз балаларға білім алу мүмкіндігін берген оқытушылар, Сомали мен Суданда қиындыққа мойымай қызмет етіп жүрген дәрігерлер, медбикелер, өздері материалдық тұрғыдан қиыншылық көрсе де игі істер мен жобаларды басқара білген кәсіпкерлер. Маған табысталған бұл жүлде, негізінде діні, ұлты, нәсілі бөлек бола тұра, жұдырықтай жұмылып, адамзатқа қызмет еткен жоғарыдағы жандарға берілген сый деп қабылдаймын».

 СКОТТ АЛЕКСАНДР: «Ф.ГҮЛЕН БҮГІНГІ КҮННІҢ МӘУЛАНАСЫ»

Салтанатты жиында сөз алған профессор Скотт Александр Ф.Гүленнің бүгінгі күннің Мәуланасы екендігін айтты. Оның ақиқатты іздеу мен әлемдік деңгейде білім беру ісінде тек бейбітшілікті, толеранттылықты ұсынғанын еске алған С.Александр: «Қызмет қозғалысының негіз­гі ұстаным­дарының бірі – Пайғамбары­мыз­дың (с.а.с.) ізгі қасиеттерінің бірі болған кешірімділік қасиеті. Нараз­ылық сезімінің жүректің уы екендігін айтқан Гүлен, Ислам дініне тән емес бұл сезімнен жамағат мүшелерін да алыстатуға тырысқан» , – деді.

Айта кету керек, биылғы жыл осымен 13-рет ұйымдастырылып отырған «Ганди-Кинг-Икеда» Бейбітшілік сыйлығы, КСРО-ың бұрынғы басшысы М.Горбачев, Оңтүстік Африка лидері Нельсон Мандела, Десмонд Туту, Нобель сыйлығының иегерлері Бетти Ульямс пен Йон Хума сияқты тұлғаларға да табыс етілген-ді. «Ганди-Кинг-Икеда» Бейбішілік сыйлығы, жыл сайын қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңыздылығын арттыру мақсатында өз үлесін аянбай қосқан әлемдік көшбасшыларға табыс етілетін сыйлық. Сыйлықтың атауы да әлемде бейбітшіліктің орнауына ықпал еткен тұлғалар – Махатма Ганди, Мартин Лютер Кинг және жапондық белсенді Дайсаку Икедалардың құрметіне берілген. Салтанатты жиыннан соң, Ф.Гүленнің суреті бейнеленген тақта осы жүлдені алған танымал тұлғалар суреттерінің жанына ілінді.

Ж.Баққондыұлы