Оралда 4 млн теңгеден астам қаражат бопсалаған күдікті ұсталды

/
Оралда 4 млн теңгеден астам қаражат бопсалаған күдікті ұсталды
Polisia.kz

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Орал қаласында өңірдің 21 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол ақша қаражатын жүйелі түрде бопсалады деген күдікке ілінді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктінің бірнеше ай бойы күш қолданамын деп қорқыту арқылы облыстың 24 жастағы тұрғынынан ірі көлемде ақша бопсалағаны анықталды. Сондай-ақ ол жәбірленушіні микрокредиттер рәсімдеуге мәжбүрлеп, алынған қаражатты өз пайдасына жаратқан. Келтірілген жалпы материалдық шығын 4 миллион теңгеден асты.

Анықталғандай, 11 желтоқсанда аталған азамат басқа бір қылмыстық іс бойынша 6 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталғанына қарамастан, сол күні тағы бір қылмыстық істің фигурантына айналған.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция ескертеді: бопсалау — Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген ауыр қылмыс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары