Жауапты азаматтық – ­тәртіпті қоғам: Астанада жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға арналған іс-шара өтті

/
Жауапты азаматтық – ­тәртіпті қоғам: Астанада жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға арналған іс-шара өтті

Бүгін Астана қаласының №98 мектеп-лицейінде оқушыларға арналған «Жауапты азаматтық – ­тәртіпті қоғам» атты дәріс өтті. Аталған іс-шара жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға, заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға 98 мектеп-лицейінің директоры Гүлнұр Оспанова, Астана қаласы «Сарайшық» ауданы әкімі аппаратының Ішкі саясат бөлімінің басшысы Дарын Қаппаров, адвокат, «Жасыл желкен» ҚБ мүшесі Рауан Сыздықов қатысты.

«Жасыл желкен» ҚБ мүшесі Рауан Сыздықов «Заң және тәртіп» бағыты бойынша жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу туралы дәріс оқыды. Мұндағы мақсат – жастар арасында нашақорлықтың зияны туралы түсінік қалыптастыру, заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіру және салауатты өмір салтын насихаттау. Сөз соңында адвокат оқушылар қойған сұрақтарға жауап берді.

«Жастар психологиялық тұрғыдан әсерге тез беріледі. Қызығушылық, қысым немесе қате орта адамның өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Есірткіні бір рет қолданудың өзі тәуелділікке әкелуі мүмкін. Бұл – ғылыми дәлелденген факт. Жастар өздерін дұрыс орта таңдау, спортпен шұғылдану, білімге ұмтылу және қиын жағдайда мамандардан көмек сұрау арқылы қорғай алады. Әр жас өз болашағына жауапты. Заңды сақтап, зиянды әдеттерден алыс болу – тәртіпті және қауіпсіз қоғамның негізі. Заң қоғамды қорғау үшін қажет. Есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар қатаң жазаланады. Бұл – алдын алу шарасының маңызды бөлігі», – деді Рауан Сыздықов.

«Қоғамның қауіпсіздігі мен дамуы – әр азаматтың жауапкершілігі. Сол жауапкершіліктің маңызды бөлігі – нашақорлыққа қарсы күрес. Нашақорлық – бұл тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Ол адам денсаулығына орны толмас зиян келтіреді, қылмыстың өсуіне себеп болады, отбасы мен болашаққа балта шабады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, есірткі заттарын сақтау, тарату және пайдалану қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Бұл – айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза түрлерін қамтиды. Жастар – елдің болашағы. Сондықтан әрқайсыңыз заңды сақтауға, зиянды әдеттерден аулақ болуға, салауатты өмір салтын ұстануға міндеттісіздер», – деді оқушылар алдында сөйлеген Дарын Қаппаров.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары