Маңғыстау облысының каратэ-до федерациясының президенті Бекмұрат Жүсіпов Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Салтанатты марапатты Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев табыстады.
Бекмұрат Қыдырбайұлы 2009 жылдан бері Маңғыстау облысының каратэ-до федерациясын басқарып келеді. Осы кезеңде өңірде каратэ спорты жүйелі түрде дамып, материалдық-техникалық база айтарлықтай нығайды. Бірнеше спорт мектептерінде федерацияның филиалдары ашылып, жас спортшыларды қамту ауқымы кеңейді.
Федерация басшысы ретінде ол спортшылардың алыс және жақын шетелдерде өтетін халықаралық жарыстарға қатысуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар, облыс аумағында Қазақстан және Орталық Азия деңгейіндегі ірі чемпионаттардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына жетекшілік етті.
Жүсіпов Бекмұрат Қыдырбайұлының еңбегінің нәтижесінде Маңғыстау облысының құрамасынан ондаған спортшы Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына қабылданып, халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүр.