Әлеуметтік желілерде Алматыдан Бангкокқа ұшып шыққан ұшақта екі ер адам арасындағы төбелес түсірілген видео тарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 13 желтоқсанда болған. Мәліметке сәйкес, жолаушылар мас күйде болған.
Көліктегі полиция департаменті төбелестің Алматы әуежайындағы ұшақ бортында болғанын растады. Полиция рейстен шетелдік төрт азаматты түсірген, олардың екеуі алкогольдік масаң күйде болған. Олардың арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқан.
«Әуе кемесінің бортында бұзақылық әрекеттер жасағаны бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құқық бұзушылардың екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген хабарламада.
Көліктегі полиция мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін және қатаң түрде тоқтатылатынын еске салады. Көліктегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген әрекет елеулі қауіп ретінде қарастырылады, ал кінәлілер заңның бар қатаңдығымен жауапқа тартылады.