Батыс Қазақстан облысында ауа райының қолайсыздығынан үш адам үсіп, көз жұмды. Түрлі ауданның тұрғындары із-түзсіз жоғалып кеткендер тізімінде болған, деп хабарлайды turkystan.kz сайты "Мой город" басылымына сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 желтоқсанда ауа райының қолайсыздығынан жоғалып кеткен үш адамның денесі табылды. Олар: Жәнібек ауданының 57 жастағы тұрғыны, Бөкейорда ауданының 25 жастағы тұрғыны және Казталов ауданының 35 жастағы тұрғыны. Барлығы үсік шалып, көз жұмған.
Ақжайық ауданының тағы бір 54 жастағы тұрғыны аман-есен табылды, бірақ аяқ-қолдары үсіп қалған. Ол Оралға жеткізіледі.
Бүгінде Жәнібек ауданының 59 жастағы тұрғыны жоғалғаны мәлім болды. Ол 13 желтоқсанда сағат 21:00 шамасында Бұқар қыстағынан шығып кеткен.
Оны құтқарушылар, әскери қызметкерлер, полиция қызметкерлері және жергілікті әкімдік қызметкерлері іздестіруде.