Қостанай қаласындағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде шетел азаматтарын еңбек қызметіне заңсыз тарту фактісі анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Анықталғандай, 11 еңбек мигранты коммерциялық үй-жайда тиісті рұқсат құжаттарынсыз монтаждау жұмыстарын жүргізген. Барлық құқық бұзушылар әрі қарай мән-жайды анықтау үшін полиция басқармасына жеткізілді.
Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін, яғни шетел азаматтарының рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін, олар жауапкершілікке тартылады. Жақын арада сот шешім қабылдайды, оның ішінде құқық бұзушыларды ел аумағынан шығару мәселесі де қаралады.
Айта кету керек, шетел азаматтары облыс орталығына келгеннен кейін бірнеше күн ішінде анықталған.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз шетелдік жұмыс күшін пайдаланғаны үшін жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қайрат Дүтпаевтың айтуынша, жыл басынан бері облыста көші-қон заңнамасының 1,5 мыңнан астам бұзушылығының жолы кесілген.