Маңғыстауда йогурт тиелген жүк көлігі аударылып қалды (ВИДЕО)

/
Маңғыстауда йогурт тиелген жүк көлігі аударылып қалды (ВИДЕО)
Скриншот

14 желтоқсанда әлеуметтік желіде йогурт тиелген жүк көлігінің аударылғаны түсірілген видео тарады. Алдын ала мәлімет бойынша, фура Боранқұл ауылы маңындағы 64-разъезде қатты көктайғақ салдарынан аударылған, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысы Полиция департаменті жол-көлік оқиғасының болғанын растады. Апат 7 желтоқсан күні сағат 14:20 шамасында Бейнеу – Боранқұл автожолында болған.

Полиция мәліметінше, тіркемесі бар Scania маркалы жүк көлігінің жүргізушісі тайғақ жолда рульге ие бола алмай, көлік аударылған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек ешкімге көрсетілмеген.

Жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Аталған бап 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді, бұл — 78 640 теңге.

Сонымен қатар, желіде тараған ақпаратқа сәйкес, аударылған жүк тез бұзылатын йогурт өнімдері жергілікті тұрғындарға тегін таратылған. Алдын ала дерек бойынша, бұл әрекет жүк иесімен келісілген болуы мүмкін, себебі қаптамалардың бір бөлігі зақымданып, сақтау мерзімі шектеулі болған.

Полиция департаменті қысқы жол жағдайында жүргізушілерді барынша сақ болуға шақырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары