Павлодарда Ұлттық ұланның әскери қызметкерлеріне шабуыл жасау ісі бойынша еркін күрестен жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Даулет Шабанбайға сот үкімі шықты, деп хабарлайды turkystan.kz сйаты "Ирбис TV"-ға сілтеме жасап.
Спортшыға ҚР ҚК 380-бабының 4-бөлігінің 1-тармағы «Билік өкіліне күш қолдану, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған» бойынша айып тағылды.
Даулет Шабанбай соттан өзіне кешіріммен қарауды сұрап, кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді.
Оның адвокаты спортшының кәмелетке толмаған балалары бар екенін, қарт ата-анасына қарайтынын және қоғамнан оқшауланған жағдайда жеткілікті уақыт өткізгенін атап өтті.
Сот Даулет Шабанбайды қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Еске салайық, оқиға 2025 жылғы 18 қыркүйекте болған. Сол күні кешке Даулет Шабанбай дәмханада алкогольдік ішімдік ішкен. Шамамен сағат 20:30-да ол мекемеден шығып, автовокзал жаққа қарай серуендеген. Жарты сағаттан кейін қайтадан дәмханаға бет алған.
Жолда оны Ұлттық ұланның №5512 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі үш сарбазы тоқтатып, құжаттарын көрсетуді сұраған. Алайда тергеу деректеріне сәйкес, Олимпиада жүлдегері талапты орындаудан бас тартып, әскери қызметкерлерді балағаттаған.
Нәтижесінде бір әскери қызметкер иығы мен бет тұсынан соққы алған, екіншісі көзінен жұдырық жеген. Спортшыны тек оқиға орнына келген қосымша әскери жасақтардың көмегімен ғана тыныштандыру мүмкін болған.