Астанада Тәуелсіздік күніне орай тоғызқұмалақтан турнир өтті

/
Астанада Тәуелсіздік күніне орай тоғызқұмалақтан турнир өтті
Астана әкімдігі

Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Тәуелсіздік күніне орай мектеп оқушылары, жасөспірімдер, жастар мен ардагерлер арасында тоғызқұмалақтан қалалық турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

BINOM School Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте өткен турнирге барлығы 200-ге жуық адам қатысты.

«Мен тоғызқұмалақ үйірмесін мектебімізде ашылған күннен бастап, яғни төрт жылдан бері жүргізіп келемін. Бұл – күрделі ойын, бастапқыда есептеу қиын болуы мүмкін. Дегенмен оның маңызы өте зор, өйткені тоғызқұмалақ математикалық қабілеттерді – есептеу, ойлау, логиканы дамытады. Менің шәкірттерімнің математика пәнінен үлгерімі жақсы. Балалар үлкен қызығушылықпен қатысады. Бұл ойын шахматтан кем түспейді: классика, блиц, рапид сияқты түрлері бар, бәрі уақытпен ойналады. Әр жүрісті алдын ала 5-6 қадам ілгері есептеу қажет. Ең бастысы – балалар пайдалы іспен айналысады. Қазір көп бала телефонға тәуелді. Әлеуметтік желіде уақыт өткізгенше, тоғызқұмалақ ойнап, уақытты тиімді пайдаланғаны әлдеқайда пайдалы», – деді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Болат Садықов.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ноутбук, планшет және смартфон секілді бағалы сыйлықтар табысталды.

Ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға мұғалімдерге ата-аналар, оның ішінде мектептің Әкелер кеңесі де белсенді түрде көмектесті.

«Бұл ойын балаларда тәртіп пен ережеге бағынуды қалыптастырады, себебі олар ойынның нақты тәртібін сақтауы тиіс. Сонымен қатар, төзімділік пен зейінділікті дамытады. Тоғызқұмалақтың тағы бір ерекшелігі – тасты жай көтеруге болмайды: көтерсең, міндетті түрде жүріс жасау қажет.

Бұл дегеніміз – бала әр қадамын ойланып, барлық мүмкін нұсқаны есептеп барып шешім қабылдайды. Өмірде де олар кез келген әрекеттен бұрын салдарын ойлауды үйренеді. Осылайша жауапкершілік қалыптасады. Бұл – тыныш, зияткерлік ойын, ол баланың үйлесімді дамуына ықпал етеді», – деді BINOM School Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-лицейдің Әкелер кеңесінің төрағасы Ернат Рахметолла.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары