Орал қаласында полиция бірдей мемлекеттік нөмірлермен жүрген Toyota Ipsum және Toyota Alphard екі автокөлікті анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тексеру барысында аталған автокөліктердің екеуі де Қазақстан Республикасынан тыс жерде тіркелгені белгілі болды. Әр түрлі көліктерде бір мемлекеттік нөмірді пайдалану – заң талаптарын өрескел бұзу болып саналады және айыппұлдан жалтару немесе өзге де құқыққа қайшы әрекеттерді жасыру мақсатында жасалуы мүмкін.
Осы факті бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, тиісті сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларын бастады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, оған қатысы бар тұлғалар белгілену үстінде.
Екі автокөлік те ұсталып, арнайы айыптұрағына қойылды.
Полиция азаматтарды көлік құралдарын тіркеу және пайдалану талаптарын қатаң сақтауға, сондай-ақ жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланғаны үшін заңда қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.