Қарағандыда логопед сабақ кезінде баланы басынан ұрып жіберген. Бұл туралы зардап шеккен бүлдіршіннің анасы айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Анасының сөзінше, әкесі ұлын сабақтан алуға барып, кездейсоқ осы жағдайға тап болған. Сосын оқиғаны бірден сыныптың төбесіне жақын орналасқан кішкентай терезеден түсіріп алған. Кадрдан мұғалімнің сабақ оқып отырған баланы басынан соғып жібергенін көруге болады.
«Ұлымның осы мұғалімнен сабақ алып жүргеніне 1 жыл болды. Бұл жағдайды көріп қатты таңғалдық. Сосын бірден ұлымызды алып кеттік. Логопед ештеңе түсіндіре алмады», – дейді баланың анасы.
Әйелдің айтуынша, кейінірек логопед қоңырау шалған, бірақ кешірім сұрамаған. Ал бала жағдайды растаған. Ата-ана ол сәтті де видеоға түсіріп алыпты.
«Бұл маманның қабылдауында балалар көп. Сабақ әр жарты сағат сайын өтеді. Күн сайын кабинетіне көп оқушы келеді. Сондықтан оқиғаны жария түрде айтамыз деп шештік. Бұл басқа ата-аналарға жасаған үндеуіміз болсын. Сосын олар жағдайды өздері бағалап, сабақты жалғастыру-жалғастырмау туралы ойланар. Десе де мұны бір жыл өткен соң ғана көргеніміз өте өкінішті. Кездейсоқ түсірілген видео тіпті ойламаған жайтты көрсетіп берді», – дейді баланың анасы.