Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Алматыда өтіп жатқан Халықаралық жас ғалымдар конгресінде пәндердің біріктірілуіне қатысты мәселеге пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Министрдің айтуынша, физика, химия және биология біріктірілмей, жеке пән ретінде оқытылатын болады.
«Жас ғалымдар конгресінде бір сұраққа нүкте қойғым келеді. Қазір қоғамда жаратылыстану пәнін қосып оқытуға байланысты физика, химия және биологияны бір пәнге біріктіру туралы қызу талқылау жүріп жатыр. Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселеде өз ұстанымын нақты айқындады. Аталған пәндер кіріктірілмейтін болды. Физика, химия және биология жеке пән ретінде оқытылады. Біздің мақсатымыз – мектеп жасында оқушылардың бойына фундаменталды блокты терең әрі жүйелі меңгеруге толық жағдай жасау. Пәндерді біріктіру реформасы бүгіннен бастап тоқтатылады.
Физика, химия және биология әрқайсы жеке пән ретінде өз мәртебесін сақтайды», – деді министр.