Жетісу облысында полиция қызметкерлері Ескелді ауданында болған жылқы ұрлығын дер кезінде әшкерелеп, тағы бір ауыр қылмыстың жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Түнгі мезгілде белгісіз тұлғалар Беғаш ауылының шетіндегі жайылымға жасырын кіріп, 11 жылқыны айдап әкеткен. Келтірілген залал шамамен бес млн теңгеге бағаланған. Жедел жұмылдырылған тәртіп сақшыларының кәсібилігі арқасында қылмыс қысқа уақыт ішінде ашылды.
Облыстық криминалдық полиция басқармасы мен Ескелді аудандық полиция бөлімінің бірлескен жедел тобы өңірде кешенді іс-шаралар жүргізді. Тінту нәтижесінде күдіктілердің ізі анықталып, ұрланған малды сойып жатқан бір шаруа қожалығының аумағынан үш ер адам ұсталды.
Ұсталғандардың барлығы – Жетісу облысының тұрғындары. Арнайы операция барысында полицейлер 9 жылқыны тауып, ал екі жылқыны күдіктілер сойып үлгергенін анықтады.
Қазір күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып, олардың өзге де мал ұрлығы деректеріне қатыстылығы тексерілуде.
Ұрланған жылқылар мен ет өнімдері толығымен иесінеқайтарылды.