Әлем цифрландыру дәуіріне аяқ басты. Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалмай, экономика мен әлеуметтік сала, мемлекеттік басқару және көлік инфрақұрылымын цифрлық технологиялар арқылы жаңғыртуға кірісті, деп хабарлайды turkystan.kz.
2025 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық даму мен жасанды интеллектті пайдалану арқылы елдің барлық саласын заманауи стандарттарға бейімдеуді басты мақсат ретінде қойды.
Бүгінде еліміздің барлық саласына, оның ішінде көлік пен логистика жүйелеріне, кешенді цифрлық өзгерістер енгізілуде.
Көлік саласында цифрландыру: Нақты қадамдар
Елімізде көлік саласының цифрлық трансформация картасы бекітілді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин көлік саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан нақты жұмыстар туралы айта келе, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Көлік министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп көлік саласының цифрлық трансформация картасын бекіткенін атап өтті.
Құжатта нақты мақсаттар қойылды:
- 2027 жылға дейін 10 халықаралық әуежайда биометриялық сәйкестендіруді іске қосу;
- теміржол бағыттарының 55%-ына интеллектуалды жүйелер енгізу;
- 2029 жылға қарай автокөлік өткізу пункттерінде «жасыл дәлізді» толық енгізу.
«Бұл шаралар шекарадан өту уақытын қысқартып, жүк пен жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартады және транзиттік әлеуетті күшейтеді», - деді Ростислав Коняшкин.
Бұл цифрландыру ғана емес, елдің транзиттік логистикасын арттыруға, көлік-коммуникациялық саланы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты іс-әрекет нәтижесі.
«Қазақстан үш жыл ішінде нағыз цифрлық ел болуы керек. Бұл – өте ауқымды міндет. Сондықтан біз қазір еліміздің біртұтас цифрлық экожүйесін құру ісімен белсенді түрде айналысып жатырмыз», - деген Президент Тоқаев.
Цифрлық трансформация дегеніміз тек цифрлық жүйелер орнату ғана емес, ол тарихи транзиттік арнаны заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, заманауи логистикалық арнаға айналдыру.
Қазақстан үшін жаңа технологиялық дәуірдің жалғасы - көлік саласындағы цифрландыру. Қазір цифрлық ел болудың нақты қадамдары жасалып жатыр.
Әуежайлар мен теміржол, көлік өткізу пункттері, логистика жүйелері -барлығы цифрмен, жасанды интеллектімен жарақталған жүйеге айналмақ.
Осылайша, Қазақстан бұрынғы транзиттік дәстүрін жаңа заман талабына сай жаңартып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті көлік логистикалық хабқа айналу жолында жан-жақты қадамдар жасауда. Бұл елдің экономикалық дамуына, азаматтардың күнделікті жайлылығына және халықаралық өзара байланысты нығайтуға бағытталған дұрыс әрі батыл қадам болып отыр.