Жыл соңына дейін Шымкентегі қоныстанған елді мекендер толығымен асфальт жолмен қамтылатын болады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.
«Былтыр 270 шақырым жолға асфальт төселсе, биыл 1 000 астам шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланып, оның бүгінде 97%-ы орындалды. Жыл соңына дейін қаладағы қоныстанған елді мекендер толығымен асфальт жолмен қамтылатын болады», - деді әкім.
Сонымен қатар, биыл А-2 айналма жолының негізгі бөліктерін қайта құру жұмыстары жүргізіліп, қала арқылы өтетін транзиттік көліктерге жағдай жасалады. Қаланың шығыс бөлігі мен орталығын байланыстыратын 2 ірі теміржол өткелінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Әуежайды халықаралық заманауи мультимодальды хабқа айналдыру үшін жаңа ұшу-қону жолағын салу жұмыстары басталды. Бұл жоба Шымкенттің логистикалық мүмкіндіктерін арттырып, өңірлік хаб ретінде дамуына серпін береді.