Ақтөбеде бағаны негізсіз көтерген 116 кәсіпкерге айыппұл салынды

/
Ақтөбеде бағаны негізсіз көтерген 116 кәсіпкерге айыппұл салынды
istockphoto.com

Жыл басынан бері Ақтөбе облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін бұзған кәсіпкерлерге қатысты бірнеше жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде 116 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаментімен бірлескен терең талдау барысында әлеуметтік тауарлар бағасын қалыптастыруда елеулі заң бұзушылықтар анықталды.

«Элит Продукт» ЖШС сары май, жұмыртқа және ұнды белгіленген шекті үстемеден 5 еседен артық бағамен сатқан. Бұл құқық бұзушылық жыл ішінде қайталанғандықтан, компанияға ӘҚБтК-нің 204-4-бабы 2-бөлігі бойынша 10 АЕК айыппұл салынды.

«Қазбергенова» жеке кәсіпкері де сауда үстемесін 3,5 есе артығымен қолданғаны үшін қайта жауапқа тартылып, 10 АЕК айыппұл төледі.
«НуроптТорг» ЖШС шекті мөлшерді 3,5 есе асырғаны үшін 204-4-баптың 1-бөлігі бойынша 5 АЕК айыппұлмен жазаланды.

Әрбір анықталған дерек бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, бағаларды заңнамаға сәйкестендіру туралы нұсқама берілді. Департаменттің айтуынша, шекті сауда үстемесін сақтау – барлық сауда нысандары үшін міндетті, ал кез келген бұзушылық қатаң бақылауға алынады.

11 айда салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 204-4-бап бойынша 412 860 теңге, ал 193-бап бойынша 141 552 теңгені құрады. Департамент бөлшек сауда нарығындағы бақылауды жалғастырады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары