Қыс маусымында ауа райы мен жол жағдайлары күрделене түседі. Осыған байланысты ІІМ азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Жол жүрісіне қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында, біз жол иелерімен бірлесіп жылдамдыққа шектеулер енгіземіз, қажет болған жағдайда жолдарды толықтай жабамыз. Қысқы кезеңде автожолдарда 3.24 "Жылдамдықты шектеу" белгілері орнатылады. Ал Астана - Щучинск және Астана - Теміртау бағыттарында ауа райы нашарлаған кезде ғана жылдамдықты төмендетуге мүмкіндік беретін электронды таблолар – ауыспалы ақпарат беру белгілері қойылған. Бұл белгілер боран, көктайғақ сияқты қолайсыз жағдайларда уақытша шектеулер енгізуге қолданылады. Аталған белгілер стандарт талаптарына толық сәйкес орнатылған және басқа жол белгілері сияқты міндетті түрде сақталуға тиіс», - деді ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі инспекторы Ақтоты Боранова.
Сонымен қатар жылдамдықты тіркейтін камералар белгіленген шектеуге автоматты түрде ауысады және көлік құралдарының рұқсат етілген және орташа жылдамдығын бақылайды.
ІІМ жолда жүру қағидаларын және енгізілген шектеулерді сақтауды сұрайды. Бұл шаралар сізге қолайсыздық туғызу үшін емес, қауіпсіздігіңіз үшін енгізіледі.