Қостанай облысында ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алу және жеткізумен айналысатын ЖШС 2021 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың сәуіріне дейін түрлі келісімшарттар жасаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
ЖШС басшылығы келісімшарт бойынша Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және басқа да облыстардағы кәсіпорындарға дәнді дақыл мен басқа да ауыл шаруашылық өнімдерін әкеліп бермек болған. Алайда шын мәнінде бұл міндеттемелерін орындайтын ойы болмаған.
Айыпталушы өзінің Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің реквизиттерін пайдаланып, жәбірленушілерді өнімді жеткізіп беретініне сендіріп, олардан 140 млн теңгеден аса алдын-ала төлем алған. Осылайша 11 жәбірленушіге шығын келтірген.
Айыпталушының әрекеті «Бірнеше рет, аса ірі көлемде жасалған алаяқтық» бабымен сараланды.
Қылмыстық іс Қостанай қаласының №2 сотына жолданды.