Шегірткеге қарсы күрес шаралары басталды

Шегірткеге қарсы күрес шаралары басталды

Шегірткеге қарсы күрес шаралары басталды
ашық дереккөзі
870

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық күрес шаралары жалпы 275,9 мың гектарға жүргізіледі. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артық. Бұл туралы Сарағаш ауданында шегірткеге қарсы химиялық күрес шараларын ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстары бойынша өткізілген семинарда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

         Үйірлі шегірткеге қарсы күрес шараларын жүргізетін техникалардың дайындығымен танысқан облыс әкімі зиянкестерге биологиялық күресті  жоғары деңгейде ұйымдастырып, зерттеу-анықтау шараларын тыңғылықты әрі сапалы жүргізуді тапсырды. 

         «Дер кезінде алдын алу шараларын қолға алу қажет. Бұл зиянкестердің әлсіз әрі шағын кезін тиімді пайдаланып химиялық дәрілер арқылы жоюға жұмыла әрекет етпесек күніне 50-60 шақырым жолды жайпап өтетін шегірткеге ешкім қарсы келе алмай қалады. Сондықтан зянкестерге қарсы химиялық күрес шараларына  аса жауапкершілікпен қарау керек», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

         Химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 1574,7 мың гектар алқапта анықтау-зерттеу жұмыстары қолға алынды. Оған «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалы тарапынан 93 адам анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

         Химиялық өңделетін 275,9 мың гектардың 59 пайызын немесе 163,5 мың гектарын жер үсті агрегаттарымен, 40 пайыздан  астамы ұшақпен, 1 пайызға жуық алқап аспалы бүріккіштермен өңделеді. Аталған алқаптың 51 пайызы яғни 140,35 мың гектары Сарыағаш ауданына тиесілі. 56,3 мың гектары  Арыс ауданының еншісінде болса Шардара ауданына 27,2 мың гектарға химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Ордабасы ауданында 20,0 мың Бәйдібек ауданында 8,0 мың гектар жерге шегірткеге қарсы дәрілер себіледі.

         Марокко шегірткесіне қарсы шаралар  257,58 мың гектарда,   азиялық шегірткеге қарсы  12,4 мың гектарда, итальяндық прус шегірткесіне қарсы  5,92 мың гектарда  жүргізілетіндігін баяндаған облыстық аумақтық инспекция басшысы Нүркен Бадырақов шегірткеге қарсы күрес шаралары жоспарлы түрде жүзеге асатындығын алға тартты.

         «Анықтау-зерттеу жұмысын сапалы жүргізу үшін аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарынан қосымша 287 анықтаушы  бөлінетін болды. Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына 71 дана жер үсті агрегаты, 5 дана АН-2 ұшағы қаралып, арнайы мамандар тиісті жұмыстарына кірісті»,-деді Нүркен Бадырақов. 

         Жер үсті агрегаттарының өңдеу қуаттылығы күніне 100 гектар.  Күніне 7,1 мың гектар  өңделсе, жоспарланған 163,17 мың гектарды 23 күнде аяқтауға болады.  Ал,  Ан-2 ұшағының өңдеу қуаттылығы күніне 1,2 мың гектар.  Ұшақ  күніне 6,0 мың гектарды өңдесе, жоспарланған 99,71 мың гектарды 17 күнде, жалпы химиялық өңдеу жұмыстары 25 күн ішінде  аяқталады. 

         Айта кетейік ағымдағы жылы алғаш рет агроқұрылымдардың ұсыныстарын, шағымдарын дер кезінде қарап, нақты шаралар қабылдау үшін және былтырғы жылғы кемшіліктерді болғызбау мақсатында облыстық аумақтық инспекциясында жедел байланыс орталығы ашылып отыр. Яғни агроқұрылымдар шегіртке жөнінде кез-келген мәселелері бойынша «1305» нөміріне қоңырау шалып, дер кезінде зардаптың алдын алуға болады.

Серіктес жаңалықтары