Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қызметі «Қазақфильмге» берілмек

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қызметі «Қазақфильмге» берілмек

Жыл басынан бері «Қазақфильм» киностудиясы жаңа даму кезеңіне өтіп, бұрынғы беделін қайтару бағытында бірқатар бастама қолға алынды. Мәдениет және ақпарат министрлігі киностудиядағы өзгерістер жөніндегі сауалға ресми жауап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Министрлік мәліметінше, бұған дейін «Қазақфильмде» идеологиялық сүзгіден өтпеген, қомақты қаражатқа түсірілген көптеген туындылар болған. Олар халықаралық фестивальдерде көрсетілгенімен, қарапайым көрерменге жете қоймаған.

«Біз ережені өзгерттік. Идеологиялық тұрғыдан маңызды саналатын 10 тақырып бекітілді. Осы тақырыптар бойынша сценарийлер байқауы өтті. Соның нәтижесінде талғамы биік көрерменге арналған «Капитан Байтасов» сияқты мазмұнды фильмдер көбейіп келеді», – делінген ведомство жауабында.

Министрлік келесі жылдан бастап киностудияны басқару жүйесінде де елеулі өзгеріс болатынын атап өтті. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қызметі «Қазақфильм» киностудиясына берілмек. Содан соң «Қазақфильм» өзінің бұрынғы беделін қайтарады деп күтілуде. Сондай-ақ киностудия тікелей қаржыландырудан айырылған болатын. Бұл құзырет заң жүзінде қайтарылды. Президент қол қойған жаңа заңға сәйкес, жыл сайын фильмдерді қаржыландырудың 30 пайызы тікелей «Қазақфильмге» бағытталады. Бұл киностудияның тиімділігі мен қаржылық тұрақтылығын арттырады», – деп хабарлады министрлік.

Сонымен бірге салалық қаржыландыру тетігі де жаңарған.

«Қазақфильм» енді өз туындыларын өзі әзірлей алады. Қазіргі таңда 50/50 қосымша қаржыландыру жүйесі енгізілді: фильмнің шығынының 50 пайызын жобаны түсіруге ниетті компания, қалған 50 пайызын «Қазақфильм» қаржыландырады. Алайда бұл жай ғана фильм емес, көрерменге ой салар, әрі салынған қаражатты қайтаруға қабілетті сапалы туынды болуы тиіс. Мұндай тәсіл өзін ақтап жатыр. Ереже өзгергеннен кейін «Қайтадан» фильмі екі есе табыс тапты», — делінген министрліктің Turkystan.kz порталына берген жауабында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары