«Жолаушылар тасымалы» АҚ мен «Штадлер Қазақстан» ЖШС компаниясы ел ішінде пайдалануға берілетін жаңа үлгідегі плацкарт вагонының алғашқы суреттерін ұсынды. Заманауи вагондар Қазақстанның климаттық ерекшеліктерін, ұзақ бағыттардың жүктемесін және халықаралық стандарттарды ескере отырып жасалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Плацкарт вагондары 58 жолаушыға арналған. Жаңа жобалау шешімдерінің арқасында вагонның ішкі кеңістігі тиімді ұйымдастырылды. Кіреберіс бөлігінде жүк қоюға арналған сөрелер бар, ал жолсерікке бөлек демалыс аймағы, шағын асүй және басқару бөлімі қарастырылған.
Жоғарғы орындарға шығуға арналған жаңа үлгідегі баспалдақ орнатылған. Үшінші деңгейде жолаушылардың заттарын салуға арналған кең багаж сөрелері орналастырылған. Әр орын жеке шаммен, 220V розеткасымен, USB және USB-C порттарымен жабдықталған. Төменгі орындардың астында екі багажды қойуға арналған арнайы орын бар. Ал орталық үстел 200 кг-ға дейінгі салмақты көтере алады.
Алғашқы отандық Stadler вагондары 2026 жылдан бастап келесі бағыттарда жүретін болады:
- № 3/4 «Астана — Алматы»
- № 353/354 «Астана — Семей»
- № 85/86 «Астана — Шымкент»
- № 47/48 «Астана — Атырау»
Жыл соңына дейін жаңа вагондардың алғашқы легі «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға беріледі. Келісім аясында Stadler компаниясы өндірілген вагондарға 20 жыл бойы сервис қызметін көрсетеді. Жалпы жоспар бойынша 2030 жылға дейін 557 вагон пайдалануға беріледі.