308
Астана әкімі Қытай астанасының мэрімен кездесті
Астана әкімі Қытай астанасының мэрімен кездесті
Әсет Исекешев Бейжіңге жұмыс сапары шеңберінде Қытай астанасының мэрі Цай Цимен кездесті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жүздесу барысында екі қаланың ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Бейжің күндерін өткізу жайы талқыланды. Астана әкімі Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы шеңберінде іскерлік және мәдени байланыстарды кеңейтудегі туристік саланың әлеуеті зор екенін атап өтіп, Бейжің туристерін ЭКСПО-2017 көрмесіне шақырды. Қытайдың халықаралық сауданы қолдау жөніндегі комитетінің ақпарына сәйкес, ЭКСПО-2017 шеңберінде 300 мыңға жуық турист Қазақстанға сапарлап келуді жоспарлап отыр. Көрме барысында Қытайдың 22 провинциясынан келген делегациялар өз экспозицияларын ұсынып, өздерінің іскерлік әлеуеті мен мәдениетін таныстырмақ. Кездесу барысында Қазақстан-Қытай жобаларының бірі болып табылатын Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) құрылысының жобасы талқыланды. Ә. Исекешев Астана мен Бейжің арасында көлік басқару саласында тұрақты әріптестікті және тәжірибе алмасуды жолға қоюға мүдделілік танытты. Сондай-ақ, қала басшылары экономикалық салада ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірқатар бағыттарды белгіледі. Сонымен қатар, Астана әкімі жұмыс сапары барсында көлік, құрылыс, индустриялық парктерді, Smart-технологияларды дамыту, спорттық нысандарды басқару салаларындағы Қытайдың алдыңғы қатарлы компаниялар өкілдерімен кездесті. Бұған қоса, ШЫҰ хатшылығында болып, ұйымның бас хатшысы Рашид Алимовпен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.