Еуропаның қақ төрінде тамылжытып ән салған Әміренің өмірі, өнері – бар қазаққа өнеге. Тамылжыған әні Парижді тамсандырған әнші жайлы тарихтан оқып, патефоннан даусын естігенімізбен, өмірімен өрілген ерек өнері туралы білетініміз аз. Сол азды бүгін Астанадағы Музыкалық жас көрермен театры толтырды. Жезтаңдай әнші Әміре Қашаубаевтың Парижде өткен дүниежүзілік «ЭКСПО» көрмесінде өнер көрсеткеніне 100 жыл толуына орай авторы Қ.Жүнісовтің «Әміре» музыкалық драмасының премьерасы елордада аншлагпен өтті.
Зал толы көрермен күміс көмей әншінің жүз жыл бұрын салған дауысын бүгін естігендей әсерде қалды. Басты рөлді сомдаған актер – Оразалы Игілік. Қойылым режиссері – театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Асхат Маемиров.
Әміренің әнін өмірде естігендер жандар, жазушылар, өнер зерттеушілері оның дауысының айрықша қасиетке ие екендігін аңыз етіп айтады. Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өнер көрсетіп келеді. Бірнеше концерт берген Әміренің дауысын ол жақта арнайы дыбыс жазу құрылғысына жазып алған екен. Бұл жайлы ауызекі тілде көп айтылып жүрді. Ал Мұхтар Әуезов пен Елубай Өмірзақов өз естелігінде жазып кеткен екен.
Бас қаланың төрінде, жастар театрында музыкалық драма жанрында сахналанған қойылымға ғажайып әнші Әміре Қашаубаевтың өнері мен өмір жолы арқау болды.
«Әміре» деп аталған драмада 1925 жылы Парижде өткен дүниежүзілік «ЭКСПО» көрмесіне алғаш қатысқан қазақтың халық әншісі, кәсіби қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі Әміре Қашаубаевтың дала сахнасынан басталған шығармашылық жолы, зұлмат заман мен тұлғаның, өмір мен өнердің, аманат пен қиянаттың қақтығысы нанымды, шебер бейнеленген.

Әміре рөліндегі Оразалы Игілік аты аңызға айналған әншінің өмір сүрген ортасын, дала төсінде еркін ән салған өнер саңлағының қалыптасу жылдарын, халық әндерін әуелеткен сәулелі сәттерін, мұңы мен махаббатын, ұлт зиялысы Мұстафа Шоқаймен Париждегі кездесуін көзге жас алмай көру мүмкін емес... Ұлт руханиятын шырқау көкке көтерген, жүрегі алаш деп соққан қос азамат, Алаштың ардақ ұлдарының жат елде кездесуі соншалықты аяулы, жүректерді тербейді, толқытады. Бір уыс топырақты Мұстафа бейнесіндегі актердің иіскеуі – жан тебірентерліктей деталь, көрініс. Оразалы осы сәттерді соншалықты табиғи, шынайы көрсете білді. Ер-азаматтың көзінен оңайлықпен жас ақпайды ғой, нақақтан күйіп, саясаттың құрбаны болған өнер иесінің ой-арманын тас-талқан еткен зобыр күштің, «қызық жағалылар» салған сойқанның салдарынан қазақ бұлбұлының тұншыққан шақтары соншама әсерлі, нанымды бейнеленді, жүректерге жетті. Басында «Әміре» - моноспектакль ретінде көрінсе, бұл жолы нағыз музыкалық драма жанрындағы ерек дүние, кесек дүние болып ел алдына шықты, көрерменнің назарына ұсынылды. Рөлді сұмдық шынайы, асқан шеберлікпен ойнап шыққаны үшін Оразалы Игілікке танымал журналист Аманжол Қорғанбаев айтқанындай, «Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері» атағын беру керек деген ұсынысын сөзсіз қолдаймын.
Халықтың жанын, халықтың мұңын әуезді әуенмен жеткізген Әміре әншінің көкте қалықтаған әнін кешегі Музыкалық жас көрермен театрының сахнасында тамашалап, рухымыз биіктеп, жанымыз тазарып шықты.
Кеш соңында сахнаға шығып сөз алған дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов қазақтың әншілік өнерін әлемге танытқан Әміре Қашаубайұлының ән салу машығын, айрықша қасиеттерін, оның шәкірті саналған, кейіннен қазақтың дәстүрлі өнеріндегі дәстүрлі өнер мектептерін қалыптастырған мықтылар Жүсіпбек Елебек, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиевтерді ел ішінен тауып алып, тартып, тәрбиелеп, ән өнерін шырқау биікке көтергені туралы мазмұнды естеліктерімен бөлісті.
Бізге берілген тапсырма солай – Әміре тартқан күй мен әнді бір айтқаннан жаттап алып, ертеңіне айтуымыз керек. Есту қабілеті, музыканы сезіну, сіңіру қасиеті осылай шыңдалатын. Әміре ұстаздарының айтуынша, қалаға ең алғаш келгенінде тұрғындар Алматыда көшенің екі жағындағы арықтарда шашылып қалған адамның сүйектерін жинайды екен...
Қайрат Әукенұлының айтуына қарағанда, өлім ескен елде, жері темір түрмеге айналған сәтте жұрттың назарын басқаға бөлдіріп, халық әндерін айтып, өздері іштей жылап тұрса да көпшіліктің көңілін жақсылыққа, ізгілікке, музыкаға серпілткен қазақ өнерінің серілері, ірілері, бойы қасиет пен киеге тұнған ғазиз жандар осындай жағдайда да өнер алдында, ұстазы алдында жанкештілік танытып, әншілік дәстүрді жалғастырған, шәкірттеріне жеткізген. Әміре қанша қиындық көрсе де өнер десе ішкен асын жерге қойып, ел ішіндегі талантты ұл-қыздарды жинаған.

Оразалы сахнада актер, қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО халық артисі Қаллекидің өнерін көрсету үшін ит болып үріп, жылқы болып кісінеген сәтін сәтті салды, сосын Қажымұқанның күш-қайратына тамсануын керемет орындады. Тарихтан белгілі, Қажымұқан мен Әміре, Иса Байзақов үшеуі жол түсіп кездесе қалса, сырлас әңгіме айтылып, көрген-білгенін бөлісіп отыратын болған. Осы үшеуінің басы қосылса таң атырып, күн батырып әңгімелесе береді екен. Әсіресе, бұл Қоянды жәрмеңкесінде анық байқалатын. Тіпті, ел арасында Қажымұқаннан: «Жанымда Иса мен Әміре болса, шіркін, маған одан артық дүниенің керегі жоқ», – деген сөз қалған дейді.
Еуропада ән салғасын дегесін бе, спектакльде Әміре француз тілінде ән шырқап, ақ-қара түстегі жас бишілер оны сүйемелдейді. Мұны да философиялық жағынан ақ пен қараның мәңгілік айтысы, арбасуы, бірде тату, бірде қату болмысын білдіретіндей әсер етті. Дәстүрлі халықтық ән мен опералық шығарманың деңгейіндегі орындау – актер Оразалы Игілік пен режиссер Асхат Маемировтың сәтті таңдауы, үздікі үйлесімі дер едік.
- Өнерді қайдан үйрендің дейсің бе – өнерімді – даладан, табиғаттан аламын, даланың үніне үн қосамын, құстармен бірге ән саламын, домбыраның қоңыр үніне бар жаныммен, жүрегіммен қосыламын, - дейді Әміре сөйлеген диаологтарында.
Әміренің театрда ойнаған рөлі – Жапалды Оразалының ойнауы – қазақ сахнасындағы ерекше құбылыс деп бағалауға болады. Қазақтың қасиетін, табиғатын, елге, жерге деген сағынышын, шексіз махаббатын осы музыкалық драма жанрындағы қойылымда тағы да сезініп, марқайып, жанымыз тазарып, рухани ләззат алып қайттық.
Сценарист Қайрат Жүнісовтың ой орамдары, сөз қолданыстары да ерекше – «Шырмауық тағдырға шырмалғанда шырқырамағанда қайтсін?!» деп келетін жолдар санаға жатталып қалатыны да рас.
Костюм суретшісі Айдана Еңгебайдың, жарық суретшісі Ермек Мұхтарұлының еңбегін айрықша бағалаған дұрыс. Дыбыс режиссері Мерген Ажбаевтың да қосқан үлесі орасан.
Сахнадағы әрбір деталь, әншінің киімі, бас киімі, зерлі белбеуі, киімілгіш, домбыра тұратын тұғыр, шымылдық бәрі режиссердің биік талғамын, тарихты терең бойлаған сұңғыла қасиетін аңғартқандай. Актердің шынайы орындауы, ғажап салған әндері, тақырыптың ашылуы, аяулы тағдырлар...бәрі-бәрі жүрегімізге жүк артып, терең ойға, танымға жетеледі. Қазақ өнері сахнасына тағы бір тың, жақсы дүние қосылғанына біз де тілекші ниетпен қуандық.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.