Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов мас күйінде көлік жүргізген әпкесінің 15 тәулікке қамауға алынуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Менің үлкен әпкемнің әкімшілік жауапкершілікке тартылуына қатысты мынаны айта аламын: барлық азаматтар заң алдында тең. Менің әпкем де, отбасымыздың басқа мүшелері сияқты, бұл қағидаттан тыс емес», - деп жазды ол желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, Екібастұз қалалық соты Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың туған әпкесі – Айгүл Байханованы 15 тәулік әкімшілік қамауға алып, оны жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айыру туралы шешім шығарған-тын.
4 қараша күні кешке полиция Hyundai Tucson маркалы автокөліктің рөлінде шенеуніктің әпкесі отырғанын байқаған. Медициналық тексеру кезінде жүргізушінің жеңіл масаң күйде болғаны анықталды.